10
сентябрь
2020
«Үздік қала мектебі»
Облыстық тамыз кеңесінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдің үздік білім беру ұйымдарын арнайы сертификаттармен марапаттаған болатын. Бүгін Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сол үздік білім беру ұйымының директорларымен кездесті.
Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өткен жиынға «Үздік инновациялық мектеп» номинациясының иегері Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының директоры Фарида Шортанбекова, «Үздік қала мектебі» номинациясын жеңіп алған Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 гимназия директоры Әлішер Әзімбай, «Үздік шағын жинақталған мектеп» атанған Жуалы ауданындағы Ақтөбе атындағы №25 тірек мектебінің (ресурстық орталық) директоры Гүлнар Әбілдаева, сондай-ақ, «Үздік колледж» номинациясын жеңіп алған Жамбыл жоғары медициналық колледжінің директоры Жамиля Сарыбекова қатысты.
Кездесу барысында Ерұлан Сәбенұлы жеңімпаз білім мекемелерінің басшыларын жаңа оқу жылымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұнан соң 1 000 000 теңге көлеміндегі грантты жұмсау тәртібімен таныстырып, түсіндірді. Кездесу соңында мектеп басшылары кәсіподақ ұйымына алғыстарын айтып, ризашылығын білдірді.
Ақпарат үшін айтар болсақ облыстағы үздік білім мекемелерін қаржылай көтермелеу шарасы 2015 жылы бастау алған. 2015 жылы - 1, 2016 жылы - 2, 2017 жылы - 3 үздік білім мекемелері 500 000 тг. сертификатына ие болған. 2018 жылы - 3, ал 2019 жылы 5 білім беру мекемесі 1 000 000 теңгелік сертификат иегері атанған болатын.